Кенжебекова Алмахан Нұрпейісқызы

Кенжебекова Алмахан Нұрпейісқызы

ҚР Халық әртісі

1950 жылы қаңтардың 16-шы жұлдызында Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қайнар  ауылында  туған. 1970  жылы  Алматы эстрада және цирк өнері студиясын (Ж.Елебековтің жетекшілігімен) бітірген. 1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында оқып, актерлік мамандығын алып шығады. Сол  жылы Талдықорғанда тұңғыш ашылған  Талдықорған драма театрының қабырғасында  еңбек  жолын бастады. Яғни, жас театрдың іргесін қалап,  шаңырағын  көтеріп, уығын шанышқандардың бірегейі. Содан  бері  осы өнер ошағында қызмет етіп келеді.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1982 жыл), Қазақстанның халық әртісі (1988 жыл) атағын иеленген, «Қазақстанның 10 жылдығы» мерекелік медалімен (2001 жыл) марапатталған. «Құрмет» орденінің иегері.  «Алматы облысының  және  Райымбек ауданының «Құрметті азаматы». Қазіргі уақытта Бикен Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театрының жоғарғы санаттағы әртісі.

2023 жылы  Бикен Римованың «Қос мұңлық» спектакліндегі  Күнзипа рөлі үшін «Umai-2023» ұлттық сыйлығының «Актерлік шеберлік» (үздік әйел адам рөлі) номинациясын иеленді.

Алмахан Нүрпейісқызының бойындағы туа біткен асыл қасиеттері: табандылығы, ізденгіштігі, тұрақтылығы, мақсатшылдығы, сонымен қатар өнерге деген адалдығы. Бүгінде  театрдың  ақжаулықты аяулы анасы.

Сондай-ақ, ана  тіліне деген құрметі  мен  ұлттық әндерді жетік меңгеруі, үнінің  әуезділігі, әншілік  өнері  қосылып, өз  ортасында ойып тұрып орын алар талант ретінде танылуына септігін тигізіп келеді. Осындай кең тыныстылығының арқасында ол трагедиялық рөлден комедиялық, мелодрамадан  сатиралық  диапазонға еркін өте береді. Қолына алған образдың ой ағымын, көңіл күйіндегі  құбылыс өзгерістерді, тағдыр-талайындағы  шырғалаң сәттерді терең зерттейді. Солайша кейіпкер табиғатын дөп басып танып,  көрермен сүйсінетін шынайы бейне жасайды.

Шығармашылық өмірі театрмен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан Алмахан  Кенжебекова  қатыспаған қойылым жоққа тән. Сондықтан ол ойнаған рөлдердің классикалық үлгілеріне ғана тоқталайық. Атап айтқанда Әуезовтың  «Қаракөзінде» - Мөржан,  «Абайында» - Әйгерiм,  «Түнгi сарында» - Жантастың шешесi, «Хан Кенеде» - Бопай, «Бәйбiше – Тоқалда» - Ғайша,  Ғ. Мүсiреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» - Мақпал, Б.Майлин мен Ж.Аймауытовтың «Аласапыранында» - Қалипа, I.Жансүгiровтың «Исатай – Махамбетінде» - Балды, Н.Хикметтің «Елеусiз қалған есiл ерінде» - Әйел, Т.Ахтановтың «Күшiк күйеуінде» - Гүлжамал,     «Шырағың сөнбесінде – Алевтина, С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдысында» - Сәбира, Б.Тоғысбаевтың «Ақын Сарасында» - Сара, Ш.Айтматовтың «Жәмиләсында» - Жәмилә, «Арманым-Әселімде»  - Хадиша, «Ақ кемесінде» - Қара кемпір, «Ана – Жер – Анасында» - Толғанай,  Д.Исабековтың «Әпкесінде» - Қамажай, А.Вампиловтың «Сүйінші табылдысында» - Макарская, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде – Фармон бибі, Иран-Ғайыптың «Ана аманатында» - Ана, Б.Римованың «Қос мұңлығында» - Күлзипа, И.Ғайып «Естайдың Қорланы», С. Балғабаев «Ең жақсы еркек» - Меңгеруші, М.Әуезов «Абай» трагедия – Зейнеп образдарын көрермен есінен кетпестей етіп шынайы сомдады.

Алмахан Нүрпейісқызы актрисалығымен қатар әншілік, сазгерлік таланты қоса өрілген ірі дарын иесі. Оның «Ақ қайың» әндер жинағы мен өнер әлеміндегі тұңғыш прозалық туындысы «Өнер сүйген жүректен» атты кітабы 2010  жылы  баспадан жарық көріп өз оқырманын тәнті етті. Оның қаламынан туған  «Күйшi», «Абай туралы аңыз» инсценировкалары республикалық театрлар  фестивалінде  жүлделі орынды иеленді.

А.Кенжебекова театр ғана емес, сонымен қатар кино актрисасы ретінде де бірнеше фильмдерде өнерімен көзге түсті. «Күнә», «Прыжок афалины», «Қымбатты менің балаларым» бейнефильмдерінде түрлі рөлдерде және  Талғат Теменовтың «Көшпендiлер» көркем фильмiнде қалмақ батыры Шарыштың анасын әлемдік дәрежедегі киножұлдыздармен қатар ойнады.

Алмахан Нүрпейісқызы – талантты актер, өмiрiн театрға арнаған жан. Сахнада сан түрлi рөлдердi сомдап,  өмiрде  жан-жағына  шуақ  шашып жүрген, театр әртiстерiнiң тәлімгер ұстазы, ақылшысы, анасына айналған аяулы кiсi. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі Ана.

ҚР  Халық  әртiсi атағынан бөлек, көрермендерiнiң ыстық ықыласына, шынайы сүйiспеншiлiгiне бөленген, өмiр жолы ұрпаққа  үлгi боларлық ардақты тұлға.

 


Печать   Электронная почта