Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрының тарихы

          Кеңес өнеріндегі энтузиазмның айқын бір көрінісі - 1975 жылы Талдықорған облыстық драма театрының ашылуы. Жетекші ұстаз, Қазақ КСР Халық артисі, белгілі өнер майталманы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Қасымқызы Наурызбаевадан тәлім алған бір топ жас актерлер Талдықорған облыстық драма теарына жұмыс жасауға сол кездегі мәдениет министрі Мүсілім Базарбаевтың жолдамасымен келіп еді.

         Атап айтқанда, Құрманғазы атындағы мемлекеттік Алматы консерваториясының түлектері: Тілек Әбжалиев, Алмахан Нұрпейісқызы Кенжебекова, Кендебай Темірбайұлы, Жанат Аңсабайқызы Чайкина, Жібек Рахымбердіқызы Лебаева, Әлімбек Тохтарұлы Оразбеков, Алма Бастемиева, Азат Оразайұлы Базаркелді, Тілеген Ахметов, Асан Ахметұлы Исаев, Аман Төлебайұлы Қожабеков, Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Дүйсен Мұсабеков, Шәмшия Балтаева, сонымен қатар сол театрға қосымша Рәбиға Мұқаевадан, Хадиша Бөкеевадан, Асқар Тоқпановтан бітірген шәкірттер: Өмірсерік Жөңкебайұлы Қалиев, Гүлжан Хафисқызы Шәкірова, Мұқан Шәкіров, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрынан Серік Сақбайұлы Нұрхалық, Семей облыстық, Абай атындағы драма театрынан Әлихан Оразғалиқызы Ыдрышева, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры студиясын бітірген Нұрлан Рахметұлы Әлбосынов, Қарлығаш Хамзенқызы Исаева, Ысқақ Дәуітов Талдықорған драма театрының ашылуын естіп келіп жатты.

         Сол сияқты 1976 жылы Асқар Тоқпановтың курсын бітіріп Талғат Теменов, Мұсақожа Ержұмаұлы Әжібеков, солармен бірге Академиялық театрдың екі жылдық студиясын бітірген Баршагүл Керімбекқызы Қасымова, Мәкен Дубекқызы Нұрмұханбетова, Айнагүл Малдыбаева, Күнтай Баймұқанова, 1977 жылы Хадиша Бөкееваның курсын тәмәмдаған Сағат Армағамбетұлы Жылкелдиев, Секербек Жабықбаев, Рубикжан Яхин, 1978 жылы Қуат Жарханбаев артистерімен толықтырылып, Талдықорған облыстық драма театрының негізін қалауға келіп, көпшілігі күні бүгінге дейін жұмыс істеп жатыр.

         Театрдың директоры болып Қалмахан Бейсенбиев келді. Бұл жас театрға, жастарға ақыл кеңесін беріп, өздерінің іс-тәжірибесін үйрету үшін, театрдың бас әкімі болып – Қазақ КСР Еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері, Ақсу халық театрын құрған Назарбек Әмірғалиев шақырылды. Театрдың бас режиссері болып Республикадағы театр өнерінің дамуына елеулі еңбек сіңірген, тәжірибелі ұстаз Мұхтар Қамбаров, Республикадағы тұсауы жаңа кесілген, Талдықорған облыстық драма театрының кезекші режиссері Сәулебек Асылханов, режиссердің көмекшісі болып Қазақ КСР Еңбегі сіңген Мәдениет қызметкері Дәмен Шәймерденова келді.

         Талдықорған облыстық Атқару комитетінің № 202. 27 мамыр 15 жылғы Шешіміне сәйкес осы жылдың 4 қарашасы күні Талдықорған драма театры алғаш өз шымылдығын Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиялық спекталімен ашты.

         Талдықорған облыстық драма театры, көрермендерін риза еткен көптеген қойылымдарды сахнаға шығарды. Олардың қатарында жергілікті жазушылардың ғана емес, қазақ классиктері мен шетел классиктерінің де шығармалары бар. Мұхтар Әуезовтың «Абай», «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері -Ақтоты», «Ұлпан», Жүсіпбек Аймауытов пен Бейімбет Майлиннің «Аласапыран», Антон Павлович Чеховтың «Ваня ағай», Карло Гольдонидің «Екі қожаға бір қызметші»,  ілияс Жансүгіровтың «Исатай - Махамбет», Шыңғыс Айтматовтың «Ана -жер-ана», «Жәмилә», Фридрих Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» сияқты осы театр актерлары сахнаға шығарған туындылар көрермендерден де, театр сыншыларынан да кезінде лайықты бағаларын алды. Алматы облысында Бикен Римова атындағы драма театрынан басқа мұндай өнер ошағы жоқ. Біреу де болса бірегей. Республикалық бәйгелерде ылғи алдыңғы лектен көрінеді.

         Талдықорған театры түрлі кезеңдерде республикада ғана емес, тіпті шет елдерде өткен театр фестивальдері мен байқауларына белсене қатысып, талай рет жеңіске қол жеткізді. Талдықорған театры қазақ халқының сонау көне  заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын жүйелі түрде көрсетіп келе жатқан республикамыздағы бірден – бір ұлттық патриоттық театр. Театр репертуарын тақырыптық және жанрлық жағынан жылдан-жылға жаңартып келеді.

         Өңірдің экономикалық және демографиялық дамуына байланысты театрды кеңейту және көрермен санын көбейту қажет болды. Осы тұрғыда жаңа театр ғимаратын салу туралы қажеттілк туындады.

         2018 жылы 30 қазанда ІІ Халықаралық Орталық Азия театрлары фестивалінің және театрдың жаңа ғимаратының бірлескен ашылуы өтті. Қазақстан Республикасының Премьер Министрі Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 31 тамыздағы № 1325 қаулысының 1- қосымшасына сәйкес Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық драма театрына Қазақстан Респуликасының Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғыз Респуликасының өнеріне еңбегі сіңген қайраткері Бикен Римованың есімін берді.

         Бұл театрдың шаңырағы астында күні кеше ғана дүниеден өткен Қазақстан Республикасының Халық артистері: Алтын Ружева, Бәйтен Омаров, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері: Сағымбек Рақышев, Тілек Әбжәлиев, Оразғали Әбділманов, , Өмірсерік Қалиев,  Азат Базаркелді, Сағат Жылкелдиев, Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкерлері Назарбек Әмірғалиев пен Дәмен Шәймерденова, Асан Исаев, Құдайберген Әлдібеков, Нұрлан Әлбосынов, Айнагүл Малдыбаева, Рубик Яхин, режиссер Қайрат Сүгірбеков сынды сахна саңлақтары және театр суретшілері: Қанат Сәттімбеков, Сұңғат Үмекенов, әдебиет бөлімінің меңгерушілері: Тәкен Әліпбаев, Үсен Өмірзақов, жарық берушілері: Қасым Тұрсанов, Бибігүл Байжиенова, театр қызметкерлері: Валентина Ибрагимова, Әуелхан Зейнелғапов, Бейбіт Исабаев, Гүлбаһрам Карбозова, театр директоры Базарбек Тезекбеаев секілді майталман өнер иелерінің ізі қалған.

         Қазақстан мемлкеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Халық артисі, профессор Талғат Теменов, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері мен өнер қайраткерлері Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының режиссерлары Әлімбек Оразбеков, Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік сазды театрының режиссері Болат Ұзақов, актриса Жанат Чайкина, Алматы қаласындағы қуыршақ театрының директоры Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, Президент мәдени орталығының ұлттық театрының көркемдік жетекшісі Сәулебек Асылханов, Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры директорының орынбасары Дүйсен Мұсабеков, Павлодар театрының директоры Секербек Жабықбаев, Жетісай қазақ драма театрының режиссері Тілеген Ахметов, «Қазақфильм» киностудиясының актеры Алдабек Шалбаев, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары режиссер Мұрат Ахманов, Хазима Нұғманова, Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген артистері Жібек Лебаев  мен Сағат Жылкелдиев, Орал театрының актрисасы Гүлжиян Шынтемір, музыка режисссері Қарлығаш Исаева, Алма Бастемива

сынды азаматтардың осы Талдықорған театрынан шеберлігін шыңдап, ұшқанын айтсақ та жеткілікті болар. Бұдан басқа да еліміздің өнер шаңырақтарында еңбек етіп жүрген азаматтарымыз қаншама. Бикен Римова атындағы облыстық драма театры республикалық театрлар байқауында үнемі жүлделі орындардан көрініп келеді. Өз өнерін шет елдерге де көрсетіп, абыроймен оралып жүрген ұжымының жетістіктерін айта берсең жеткілікті.

         Бүгінгі күні театрымыздың ашушылары алдыңғы аға буын артистеріміз: Қазақстанның Халық артисі Алмахан Кенжебекова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Кендебай Темірбаев, Серік Нұрхалық, Мұса Әжібеков, Әлихан Ыдрышева, Аман Қожабеков, Ғалия Темербаева, Мәкен Нұрмұхамбетова.

         Сахнада әріптес болып, өздерін шығармашылық жолда шыңдап келе жатқан орта буын артистеріміз Қазақстан Республикасының Мәдениет қайтарткерлері Сағындық Жұмәділ, Базарбек Тоқымтаев, Сандуғаш Мұайтпасова, Аян Қожбанова, Ақмарал Төлеуова, Динара Махмет, Абай Нұғманов, Роза Қапашева, Еркебұлан Айдымбаев, Дастан Пышанов, Ерлік Қалибек, Жаңыл Мерсимова.

         Жаңадан Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтын бітіріп, толқынды толқын қуалап келген ағынды жастар Ақерке Мұстафаева, Гүлмайра Тілеуғабылова, Толғанай Ағламова, Әйгерім Бекбулатова, Дәулет Қанат, Шалқар Мүкен, Біржан Шошабаев, Әлишер Тайболатов, Арнат Қазыкен, Ғанидолла Оңлабай, Үкілім Хордина, Фәриза Рысбекқызы, Айдана Кенбаева, Рауан Жарболұлы, Жасұлан Заманбеков, Әсем Жетпісова, Шалқар Ризабек, Сәуле Жантұрғанова, Алмаз Салықов, Дулат Жарбасов, Мейіржан Нұров, Асыл Ақтұраева, Әсемай Тұрархан, Дархан Дүйсенов, Аслан Жапарқұлов, Әмина Ержанова, Асель Алпысбаева, Ариза Асқарова, Әмина Өмірзақова, Айзада Байғабыл, Шырын Мұқанова, Елшат Маметеков, Шамиль Айтмұханов, Рауан Әбдуали, Сымбат Оңалбаева, Диас Жағыпаров көрермен көзаймына айналып үлгерді.

         Театрдың репертуары әр алуан, соның ішінде заманауи драма мен әлемдік классикалар бар. Көрерменнің сүйіп тамашалайтын қойылымдарының қатарында Әлімбек Оразбековтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы, Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» атты реквиемі, Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» трагедисы, Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы, Серік Сарыбайдың «Орақты батыр» тарихи драмасы, «Құзғын» әлеуметтік драмасы, Жан Батист Мольердің «Еріксіз емші» комедиясы, Георгий Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасы, Михаил Себастьянның «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасы, Флориан Зеллердің «Ана» драмасы, Бикен Римованың «Қос мұңлық» драмасы, Бақыт Қайырбековтың «Достар серті» мюзиклы, Дулат Исабековтың «Қазақы комедия», Николай Васильевичтің Гогольдің «Ревизор» трагифарсы сондай ақ кішкентай көрермендерге арнайы сахналанған Айдын Аламанның «Жалқаудың жыры», Дулат Исабековтың «Құстар фестивалі», Болат Ұзақовтың «Ер Тарғын», Владимир Воробьевтың «Қырсық» ертегілері бар.

         2021 жылдың күз айында Бикен Римова атындағы драма театрында Қазақстанда тұңғыш рет Тұрарбек Айтқожанов атындағы І республикалық «Бес қару» театрландырылған сахна сайыстары фестивалі өтті. Осы байқауды ұйымдастырған жоба авторлары Тұрарбек Айтқожановтың шәкірттері Бикен Римова атындағы облыстық драма театрының сахна қозғалысының шебері, доцент Жалынбек Ахан мен театрымыздың көркемдік жетекшісі Ерлан Кәрібаевтың, сонымен қатар театр ұжымының аз уақытта жұмылып береке бірлікпен жасаған үлкен жұмыстарын ерекше атап айтқан жөн. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қазақ театры тарихында бұрын болмаған жаңа фестиваль тұсауының кесілуі ел мәдениетіндегі айтулы оқиға болды. Өнер мерекесі Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен және Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры ұжымының атсалысуымен өткізілді.

         Фестивальдің бас жүлдесі «Жұмыр қылышты» Бикен Римова атындағы драма театры атынан сайысқа түскен театрымыздың ер азаматтары Еркебұлан Айдымбаев, Шалқар Мүкен, Біржан Шошабаев, Әлишер Тайболатов, Арнат Қазыкен, Ғанидолла Оңлабай иеленіп, театрымыздың абыройын асқақтатты.

2022 жылы Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің жүлдесімен Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» қойылымындағы «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» - Алмахан Нүрпейісқызы Кенжебекова, Жант Батист Мольердің «Еріксіз емші» қойылымындағы Сганарель ролі үшін «Жылдың ең үздік актері» Еркебұлан Нұрланұлы Айдымбаев марапатталып, театрымыздың абырой-беделін асқақтатып қайтты.

2022 жылы Қазақстанның Еңбек ері, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кино және театр артисі Асанәлі Әшімовтың 85 жылдық мерейтойына арналған Асанәлі Әшімұлының өнер мен мәдениетті қолдау Бикен Римова атындағы театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Гауһар Адай «Үздік театр режиссері» номинациясын иеленіп, Дипломмен марапатталды.

2023 жыл театр үшін жемісті жылдардың бірі болды. Көптеген театр фестивальдеріне қатысып жүлделі орындарға ие болды, тәжірибе жинады. Атап айтар болсақ, 27 наурыз – 1 сәуір аралығында Көкшетау қаласында өткен «СӘЛЕМ» Халықаралық комедия театрлар фестиваліне Дулат Исабековтың «Қазақы комедия» комедиясымен қатысып Еркебұлан Айдымбаев «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясымен марапатталды.

        20-24 қазан аралығында Алматы қаласында өткен I Халықаралық «ALMATY PUPPET FESTIVAL» қуыршақ театрлары фестиваліне Владимир Воробьевтың «Қырсық» эксперименталды қуыршақ қойылымымен қатысты.

        2023 жылы 19-24 қыркүйек аралығы Қарағанды қаласында өткен Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын шын болсын» республикалық театр фестиваліне Флориан Зеллер «Аты жоқ жұлдыз» лирикалық драмасымен қатысып жүлделі II-орынға ие болды.

        2023 жылы 9-15 қазан аралығында Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына арналған республикалық театр фестиваліне Георгий Хугаев «Қара шекпен» әфсанасы «Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлық» номинациясын иеленді.

        2023 жылы 7-11 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына арналған «RAIYMBEK» I - Республикалық театр фестиваліне Қолғанат Мұрат «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиалық драмасымен қатысып «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын иеленді.

        2023 жылы 14-16 қараша аралығы Түрікменстанның Ашхабад қаласында өткен IV Халықаралық «Театральное искусство эпохи счастья» театр фестиваліне қатысып Мұхтар Әуезов «Қорғансыздың күні» трагедиясымен қатысып Министрліктің арнайы кубогына және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының дипломымен марапатталды.

        2023 жылы 29 қыркүйек-4 қазан аралығы Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне Бикен Римова «Қос мұңлық» драмасымен қатысып Сағындық Жұмаділ «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.

        Фестивальдардан бөлек театр көптеген жаңа қойылымдарды сахналады. Театр тарихында бұрын соңды болмаған «Қырсық» атты эксперименталды қуыршақ қойылымын сахналады. Н.Гогольдың «Ревизор» трагифарсын режиссер Елік Нұрсұлтанның сахналауымен көрерменге ұсынылды. Тұңғыш рет әлеуметтік мультимедиалық драмасын сахналады. Ол драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» шығармасы негізінде, Данияр Базарқұловтың режиссерлігімен жүзеге асты. Жаңа премьералық спектакльмен Алматы, Астана қалаларына гастрольдік іс-сапар ұйымдастырды. 2023 жылдың ең ауқымды жобасы Қазақстанның Халық артисі Бикен Римованың 100 жылдығына орай «BIKEN» I Халықаралық театр фестивалін ұйымдастырды. Фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттерінен және елімізден көптеген өнер ұжымдары қатысты.

        2024 жылы театр бір айда 3 жаңа премьералық спектакльге жұмыс жасап, көрерменге ұсынды. Атап айтар болса, кіші формада алғаш рет театр фойесіне «Таптым-ау сені» лирикалық драмасы, жас режиссер Рамазан Үсеннің сахналауымен жарық көрді. Ж.Әлікеннің «Қазақтың тойы бітпесін» қойылымын театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Данияр Базарқұлов сахналады. Сонымен қатар, шетел шығармасы А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы Алмат Шариповтың режисерлігімен сахна көрді.