Мерекеге тарту: «Ер Төстік» ертегісі сахналанды

Бүлдіршіндердің бақытты сәттер құшағына еніп, қиялына қанат бітіретін Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры өз көрермендерін қуантудан жалықпайды. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өнер ұжымы кішкентай көрермендерге арнап «Ер Төстік» ертегісін тегін сахналады.
«Ер Төстік» – халық тіліне өте бай қиял-ғажайып ертегілердің бірі. Сегіз ағасын іздеп шыққан Төстік ерлік сапарында жолында кездескен барлық кедергілерді ақыл-айласымен, достарының көмегімен жеңіп шығады. Жаңашыл идея мен ұлттық құндылықтарды ортақтастыра білген режиссер шешімі балаларды нағыз ертегілер әлемінің қонағы етеді. Халық ертегісінің негізінде сахналанған қойылым жас ұрпақты адал достыққа, отансүйгіштікке, қайырымдылық пен адамгершілікке тәрбиелейді.
Ертегі өте жоғары деңгейде сахналанды. Сиқырлы әлемдегі ерекше сахналанған қойылымды жас бүлдіршіндер мен ата-аналары тапжылмай көріп шықты. Әсіресе, балаларға ұнағаны көздерінен-ақ көрініп тұрды.
Балаларды тек қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін қойылымдар ғана емес, ой-өрісін кеңейтіп, жаңа заман тынысымен үндескен режиссерлік шешімдерге толы спектакльдер мен ертегілер театр репертуарына күннен-күнге енуде.


Печать   Электронная почта