Театр әдебі

Театр әдебі

Әр ортаның өзіне сай мәдениеті болады. Ал нағыз мәдениет пен өнердің ордасы  –  бұл театр. Мұндай киелі, рухани жерде мәдениеттілік сақтамау үлкен қателік. Театр қағидасын есте сақтайық!

  1. Театрға келгендегі басты талап – дресс-код, үстіңізде әдемі, сәнді, классикалық үлгідегі киім болуы шарт. Спорттық үлгідегі киім театрға жарамайды. Міндетті түрде киіміңіз әдепке сай болу керек. Сондай-ақ, иісі өткір иіс суларды сеуіп келуден аулақ болыңыз. Өнер ордасының табалдырығын аттаған соң, сыртқы киімдерді гардеробқа өткізіп, бірақ қойылымға кірген жөн.
  2. Тағы бір қарапайым заңдылық, қойылымға уақытынан бұрын, не кешікпей келіңіз. Бұл театр ұжымына және де өнерпаздарға көрсеткен алғашқы құрметіңіз болмақ.
  3. Билетте көрсетілген орынға отырыңыз, өз билетіңізде көрсетілген орынға жайғасып алсаңыз, сізді ешкім де жылы орныңыздан қозғамайды. Ал өзгенің орнына отырып қалсаңыз, орын иесі келсе түсініспеушілік туындап қалары сөзсіз.
  4. Ішке сусындар мен тағамдар, үй жануарларын алып кіруге рұқсат жоқ.
  5. Қойылым басталар алдында ұялы телефоныңызды дыбыссыз режимге қойып, залда тыныштық сақтау керек. Сырттан келген қоңырау сізді ғана емес, қасыңызда отырған көрерменді де мазалайды. Одан қала берді сахнада өріліп жатқан қойылымға да кедергі жасайтыны даусыз.
  6. Спектакль аяқталып, сахна шымылдығы жабылғаннан кейін актерлердің көрерменге тағзым ететін сәтін күту қажет. Әртістің қуанышы – халқының қошеметіне бөлену. Ендеше сіз үшін саф, таза өнерін паш еткен сахна еркелерін қошеметке бөлеңіз. Өнерпаздарға гүл шоқтары да осы кезде ұсынылады.  

Театр – өмір айнасы, өмір –  көрерменнің өзі. Ал көрермен сахнадағы қойылым арқылы өзінің кемшіл тұстарын жөндейді. Сыртқы мәдениетті қалыптастыру – әркімнің өз жауапкерішілігінде болып қала бермек.


Басып шығару   E-mail